4. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган төлемдер жүргiзген кезде ағымдағы бақылауды жүзеге асырады, ол төлеуге берілген шоттар мен төлем құжаттарының мыналарға:
бюджеттік бағдарламалар паспорттарына;
бюджеттік бағдарламалар (кiшi бағдарламалар) жоспарларына, жеке қаржыландыру жоспарларына сәйкестiгiн тексеруден тұрады.
5. Төлемдер мен аударымдарды жүзеге асырған кезде бюджет қаражатының тиiстi сомасы бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның нұсқауы негiзiнде есептен шығарылып жоспарларына бюджеттік шотынан қабылданған мiндеттемелермен белгіленетiн бюджет қаражатын алушының шотына есептеледi.
6. Мемлекеттік мекеменiң келісімiнсiз оның шотынан ақшаны алып қою Қазақстан Республикасының төлемдер және ақша аударымдары туралы заңнамасы белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
7. Мемлекеттік мекемелер осы Кодекстiң және бюджеттiң атқарылу тәртібін белгiлейтiн басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын бұзған жағдайда бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлетті орган олардың төлемдерiн тоқтата тұруға құқылы.
8. Төлемдердi және ақша аударымдарын жүзеге асыру тәсiлдерi Қазақстан Республикасының төлемдер және ақша аударымдары туралы заңнамасымен немесе Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттармен белгiленедi.
9. Сыртқы экономикалық қызметке байланысты төлемдер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша жүзеге асырылады.
10. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық өкiлеттi органның төлемдерді жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
106-бап. Бюджет қаражатын басқару
1. Бюджет ақшасын басқаруды бюджеттi атқару жөнiндегі орталық және жергiлiктi уәкiлетті орган жүзеге асырады.
2. Бюджет ақшасын басқару - бюджет түсiмдерiнiң мерзiмдерiмен өзара байланыстыра отырып, төлемдердiң уақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі iс-шаралар кешенi.
3. Төлемдердiң уақтылығы мен толықтығын қамтамасыз ету үшiн бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган алдағы кезеңде бюджетке түсетiн ақша түсiмдерiнiң болжалды көлемдерiн белгілейдi.
4. Бюджетке түсетiн ақша түсiмдерiнiң болжалды көлемi тиiстi кезеңде жеткiлiксiз болған жағдайда бюджеттi атқару жөніндегі орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi орган төлемдер жүргізу үшiн қарыз алу жолымен ақша тарту процесiн ұйымдастырады.
5. Бюджет ақшасын басқару Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.
107-бап. Бюджет қаражатын игеру
1. Бюджет қаражатын игеру - бюджет қаражатын алушылардың оны бюджеттік бағдарлама паспортында, мемлекеттік мекемелер жасасқан және нормативтiк құқықтық актiлермен бекітілген азаматтық-құқықтық мәмілелерде көзделген мақсаттарға пайдалану; бұл ретте бюджеттік бағдарламаларды iске асыру осы мақсаттарға сәйкес жүргізiледi.
2. Мемлекеттік мекеменiң өткен жылдардағы дебиторлық берешегi тиiсті бюджет кiрiсiне қайтарылуға тиiс.
3. Бюджеттік және экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органдар осы Кодексте көзделген есептер негiзiнде Қазақстан Республикасы Үкіметіне немесе жергiлiктi атқарушы органға бюджетті нақтылау (түзету) туралы ұсыныстар беруге құқылы.
108-бап. Бюджет қаражатын игеру мониторингi
1. Бюджет қаражатын игеру мониторингiн бюджеттi атқару жөніндегі орталық және жергiлiктi органдар қаржыландыру жоспарларының жылдық сомасының ай сайын бөлiнуiн, қаржыландыру жоспарларына бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерi енгiзген өзгерістердiң негiздiлiгiн талдау мен бағалау, қаржыландыру жоспарларының орындалмау себептерiн анықтау, бюджеттік бағдарламалардың атқарылуы туралы есеп жасау арқылы жүзеге асырады.
2. Бюджеттік бағдарламаларды iске асыру барысында бюджеттi атқару жөніндегі орталық және жергiлiктi органдар:
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен әкiмдiктерге - толық игерiлмеу себептерi көрсетiле отырып және республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есеп негiзiнде бюджеттік бағдарламаларды iске асыру жөніндегі ұсыныстармен ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалары бойынша бюджет қаражатының толық игерiлмеуi туралы;
республикалық және жергiлiктi бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiне бюджет қаражатын игеру қаржыландыру жоспарларынан кешеуiлдеп жүрiп жатқан бюджеттік бағдарламалар бойынша;
тиiстi бюджет комиссияларына ағымдағы, сондай-ақ алдағы жоспарланып отырған қаржы жылдарындағы жекелеген бюджеттік бағдарламалар (кiшi бағдарламалар) бойынша жылдың жоспарлы нысаналарды қайта қарау қажеттiгi туралы ақпарат жiбередi.
109-бап. Мемлекеттік мекемелердiң иелiгiнде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақша бойынша орындау
1. Мемлекеттік мекемелердiң иелiгiнде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақша есебiнен операцияларды жүзеге асыру үшiн мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейтiн тәртiппен тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақша түсiмдерi мен шығыстарының түрлерi бойынша жыл сайын жоспар жасайды.
2. Мемлекеттік мекеменiң иелігiнде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақша түсiмдерi мен шығыстарының жоспарын бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның келісімiмен бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсi бекiтедi.
3. Мемлекеттік мекемелердiң иелiгiнде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақша түсiмдерi мен шығыстарының бекітілген жоспарының қолданылуы ағымдағы қаржы жылғы 31 желтоқсанда тоқтатылады.
4. Бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсi тиiстi бюджеттік бағдарлама (кiшi бағдарлама) бойынша мемлекеттік мекемелердiң иелiгінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақша түсiмдерi мен шығыстарының жоспарын мемлекеттік мекемелер табыс еткен олардың иелiгiнде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақша түсiмдерi мен шығыстарының жоспары негiзiнде жасайды.
5. Мемлекеттік мекемелердiң иелігiнде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақша есебiнен тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) сатып алу мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік мекемелердiң иелігiнде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақша есебiнен азаматтық-құқықтық мәмiлелердi тiркеу осы Кодекстiң 104-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Қаржы жылы iшiнде мемлекеттік мекемелердiң иелігiнде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетін ақша түсiмдерi мен шығыстарының жоспарында көзделген сомалардан артық түскен кiрiстер ақша түсiмдерi мен шығыстарының жоспарын нақтылау кезiнде ағымдағы қаржы жылы жұмсалуы мүмкiн.
8. Мемлекеттік мекемелердiң иелiгiнде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақша есебiнен жүргiзiлетiн төлемдер мемлекеттік мекеменiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн ақшаны есепке алу үшiн ашқан шотындағы нақты ақша көлемi шегiнде жүзеге асырылады.
110-бап. Қаржы жылының аяқталуы
1. Ағымдағы қаржы жылының бюджет түсiмдерiн есепке алуға және бюджет төлемдерiн жүзеге асыруға байланысты операциялардың барлығы ағымдағы қаржы жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.
2. Бюджетке 31 желтоқсаннан кейiн есепке алынған түсiмдер жаңа қаржы жылының түсiмдерi болып есептеледi.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, ағымдағы жылғы 31 желтоқсанға дейiн қоса алғандағы жоспарлық тағайындалымдар қалдықтарының күшi жойылады.
19-тарау. Бюджеттердi нақтылау және түзету процесiнiң негiзгі
ережелерi
111-бап. Бюджеттi нақтылау
Бюджеттi нақтылау - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға немесе жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бюджет көрсеткiштерiн өзгертулер.
Мынадай жағдайларда:
1) бюджет түсiмдерiн қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтiн заң актілерін қабылдаған немесе өзгерткен жағдайда;
2) бюджеттiң атқарылу барысында бюджет түсiмдерi олардың жылдық көлемiнен 10 проценттен артық сомаға төмендеген жағдайда бюджеттi нақтылау мiндетті түрде жүргiзiледi.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда немесе жергілiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiнде бекітілгеннен артық бюджеттен қосымша шығыстарды жүзегe асыруға бюджеттi нақтылау кезiнде ғана жол беріледі.
4. Республикалық немесе жергiлiктi бюджеттi нақтылауға бiрiнші жарты жылдықтың қорытындылары бойынша бюджеттiң кiрiстерi жөніндегі жылдық жоспар кем дегенде 30 процентке орындалған және қаржы жылының үш тоқсанының қорытындылары бойынша 80 проценттен асып түскен жағдайда жол берiледi.
5. Республикалық немесе жергiлiктi бюджеттi нақтылау осы Кодексте көзделген басқа да жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкiн.
112-бап. Бюджеттi нақтылау қағидаттары
Бюджеттi нақтылау кезiнде мынадай қағидаттар сақталады:
1) уақтылық қағидаты - бюджетке нақтылауды бюджеттік бағдарламаларды тиiмдi iске асыруға мүмкiндiк беретін мерзiмдерде жүргiзу;
2) негіздiлiк қағидаты - енгiзiлiп отырған өзгерістер мен толықтырулардың қажеттiгiн нормативтiк құқықтық актiлермен, тиiстi есептермен және басқа да құжаттармен дәлелдеу;
3) тепе-теңдiктi сақтау қағидаты - депутаттардың республикалық бюджет туралы заңға немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихат шешiмiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын немесе мәслихат шешiмiн ескере отырып, республикалық бюджет туралы заңда немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiмен белгiленгендегiден аспайтын бюджет тапшылығының көлемiн сақтау үшiн түсiмдердiң қосымша көздерiн не қысқартылатын шығыстарды негiздей және белгiлей отырып кез келген өзгерістер мен толықтырулар енгізуi.
113-бап. Секвестр
1. Секвестр - бюджет қаражатын жұмсауға белгiлi бiр шектерде тыйым салуды көздейтiн арнайы тетiк, ол бюджеттiң атқарылу кезiнде бекітілген бюджет түсiмдерi қысқартылып, соның нәтижесiнде бекітілген бюджеттік бағдарламалардың толық көлемде қаржыландырылуы мүмкiн болмайтын жағдайда енгiзiледi.
2. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда немесе жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiнде секвестрлеуге жатпайтын республикалық және жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың тiзбесi белгiленедi.
3. Бюджеттік бағдарламаларды олардың бекітілген жылдық көлемiнiң 10 процентiнен кем сомаға секвестрлеу Қазақстан Республикасы Yкіметінiң немесе жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен, ал 10 проценттен артық сомаға - заң немесе мәслихаттың шешiмi негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
4. Бюджеттік бағдарламалар қысқартылған жағдайда олардың басымдығы мен әлеуметтiк бағыттылығы ескерiледi.
5. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе жергілiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн өзгерту және толықтыру туралы заң жобасы немесе мәслихаттың шешiмi Қазақстан Республикасының Парламентiне немесе мәслихатқа енгiзiлген жағдайда бюджет атқару жөніндегі орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi орган секвестрлеу белгіленген бюджеттік бағдарламалар (кiшi бағдарламалар) бойынша төлемдердi жүзеге асыруды тоқтата тұруға құқылы.
6. Бюджеттi секвестрлеу кезiнде бюджет қаражаты есебiнен жасалған азаматтық-құқықтық мәмiлелер бойынша пайда болған қатынастарды реттеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
20-тарау. Бюджеттерді нақтылау және түзету процесi
114-бап. Республикалық бюджетті нақтылау
1. Республикалық бюджеттi нақтылау заң актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінiң ұсыныстары немесе басқа да заң шығару бастамалары негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстарды республикалық бюджет комиссиясы қарайды.
3. Республикалық бюджеттi нақтылау кезiнде мемлекеттік органдарға республикалық бюджеттi әзiрлеген кезде қойылатын талаптар сақталады.
115-бап. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн нақтылау
1. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн оның атқарылу барысында нақтылау осы Кодекске сәйкес тиiстi жергiлiктi атқарушы органның ұсыныстары негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бap қаланың, астананың бюджетiн нақтылау жөніндегі ұсыныстарды тиiстi бюджет комиссиясы қарайды.
3. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн нақтылау кезiнде атқарушы органдарға облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн әзiрлеген кезде қойылатын талаптар сақталады.
4. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн нақтылау тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылауға байланысты жүргiзiлген жағдайда, мәслихаттың тиiстi шешiмi Қазақстан Республикасының Президентi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңға қол қойғаннан кейiн екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қабылданады.
116-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiн нақтылау
1. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiн оның атқарылу барысында нақтылау осы Кодекске сәйкес тиiстi жергiлiктi атқарушы органның ұсыныстары негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiн нақтылау жөніндегі ұсыныстарды тиiстi бюджет комиссиясы қарайды.
3. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiн нақтылау кезiнде атқарушы органдарға ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiн әзiрлеген кезде қойылатын талаптap сақталады.
4. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiн бюджет заңдарына сәйкес облыстық бюджет пен аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджетi арасында бөлiнетiн түсiмдер бойынша нақтылау облыстың бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органның келісімiмен жүргiзiледi.
5. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiн нақтылау тиiстi қаржы жылына арналған облыстық бюджеттi нақтылауға байланысты жүргiзiлген жағдайда, мәслихаттың тиiстi шешiмi тиiстi қаржы жылына арналған облыстық бюджет туралы мәслихат шешiмiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешiмге қол қойылғаннан кейiн екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қабылданады.
117-бап. Бюджеттердi түзету
1. Бюджеттi түзету - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе жергiлiктi бюджет туралы мәслихат шешiмiн iске асыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергіліктi атқарушы органның қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы, Қазақстан Республикасының Парламентiнде немесе мәслихатта нақтылау жүргізбей, бюджет көрсеткiштерiн өзгерту.
2. Мынадай жағдайларда:
1) орталық мемлекеттік органдар және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, олардың функциялары өзгерген;
бұл орайда аталған жағдайлармен байланысты республикалық бюджеттiң көрсеткiштерi түзетiлуге тиiс болуы мүмкiн;
2) жоспардан тыс түсiмдер есебiнен үкiметтік борышты өтеу көлемі ұлғайған;
3) осы Кодексте көзделген жағдайларда республикалық бюджетті түзетуге жол берiледi.
3. Мынадай жағдайларда:
1) қаржы жылы iшiнде Қазақстан Республикасы Yкіметінiң немесе облыстың жергiлiктi атқарушы органының шешiмiмен жоғары тұрған бюджеттен қаражат бөлiнген;
2) жоспардан тыс түсiмдер есебiнен жергiлiктi атқарушы органдар борышын өтеу көлемi ұлғайған;
3) осы Кодексте көзделген жағдайларда жергiлiктi бюджеттердi түзетуге жол берiледi.
6-бөлiм. Бюджеттік есеп және есептілік
21-тарау. Бюджеттік есеп туралы жалпы ережелер
118-бап. Негiзгi ережелер
Бюджеттік есеп - бюджеттік операциялардың үздiксiз құжаттық есебiн жүргiзу арқылы бюджеттік операциялар туралы ақшалай түрдегi ақпаратты жинаудың, тiркеу мен қорытындылаудың реттелген жүйесi.
119-бап. Бюджеттік есеп жүргiзу
1. Бюджеттік есеп жүргiзу тәртібін бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілейді.
2. Бюджеттік есеп деректері бюджеттің атқарылуы жөнінде есептілік жасаудың негізі болып табылады.
22-тарау. Есептiлiк туралы жалпы ережелер
120-бап. Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі есептiлiктiң сапалық сипаттамалары
1. Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі есептiлiк мынадай сапалық сипаттамаларға сәйкес келуге тиiс:
1) сенiмдiлiк - қателiктер мен сыңаржақтылықтың болмауы;
2) толықтық - ақпаратты жiберiп алмау;
3) сәйкестiк - осы Кодекстiң талаптарына және есептiлiктi жасау жөніндегі басқа да нормативтік құқықтық актiлерге сәйкес келу.
2. Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі есептiлiкте алынған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) бюджетке түсетiн түсiмдер ретiнде көрiнуi ақшалай түрде жүзеге асырылады.
121-бап. Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі есептiлiк түрлерi
Бюджеттiң атқарылуы бойынша есептiлiк есептердiң мынадай түрлерiн қамтиды:
1) мемлекеттік мекемелердiң есептерi:
мемлекеттік мекеменiң балансы;
қаржыландырудың жоспарларының орындалуы туралы есеп;
тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түскен ақша түсiмдерi мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есеп;
демеушiлiк және қайырымдылық көмектен ақша түсуi мен жұмсалуы туралы есеп;
бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгiлейтiн басқа да есептер.
2) бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң есептерi:
бюджеттік бағдарламалардың iске асырылуы туралы есеп;
бюджеттік бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарының орындалуы туралы есеп;
тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетiн қызметтердi) өткізуден түскен ақша түсiмдерi мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есеп;
бюджеттi атқару жөніндегі және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгiлеген басқа да есептер.
3) бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның есептерi:
(бекітілген, нақтыланған, түзетiлген) мемлекеттік бюджеттiң және облыс бюджетiнiң атқарылуы туралы есеп;
(бекiтілген, нақтыланған, түзетiлген) республикалық немесе жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы туралы есеп;
бюджеттік бағдарламалардың iске асырылуы туралы талдамалық есеп;
түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарының орындалуы туралы есеп;
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң немесе жергiлiктi атқарушы органның талаптары мен мiндеттемелерiнiң жағдайы туралы есеп;
бюджеттен түсiм сомаларының қайтарылуы не олардың салық берешегін өтеу есебiне есепке алу туралы есеп;
бюджеттi атқару жөніндегі және бюджеттік жоспарлау жөнiндегі орталық уәкiлеттi органдар белгiлеген басқа да есептер.
4) Қазақстан Республикасы Yкіметінiң, жергiлiктi атқарушы органның есептерi:
республикалық немесе тиiстi жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есеп;
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп жасайтын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы және пайдаланылуы туралы есеп.
122-бап. Есептiлiктiң нысандары, кезеңдiлiгi, оны жасау және табыс ету мерзiмдерi мен тәртібі
1. Есептiлiктiң нысандарын, кезеңдiлiгiн, оны жасау және табыс ету мерзiмдерi мен тәртібін бюджеттi атқару жөніндегi орталық уәкiлетті орган белгiлейдi.
Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептi жасау және табыс ету тәртібін Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
2. Бюджеттік және экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi органдар оларды жасау мен табыс етудiң есептiлiгi мен тәртібін өз құзыретi шегiнде белгiлеуге құқылы.
3. Орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер есептiлiктi жасау және табыс ету жөніндегі нормативтiк құқықтық актiлердi басшылыққа алуға мiндеттi.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын құру және пайдалану туралы жылдық есеп осы Кодекстiң 129 және 130-баптарына сәйкес жасалып, табыс етiледi.
23-тарау. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беру
123-бап. Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептi табыс ету
1. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган ай сайын есепті айдан кейiнгi айдың 1-күнгi жағдайы бойынша республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептi, сондай-ақ осы Кодекстiң 121-бабының 3) тармақшасында көзделген басқа да есептердi Қазақстан Республикасының Yкіметіне, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiне, бюджеттік жоспарлау жөніндегі және мемлекеттік қаржылық бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi органдарға табыс етедi.
2. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган есептi жылдан кейiнгі жылғы 1 сәуiрден кешiктiрмей өткен қаржы жылы бойынша республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Үкіметіне, бюджеттік жоспарлау жөнiндегі және мемлекеттік қаржылық бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi органдарға табыс етедi.
3. Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есеп бекітілген, нақтыланған, түзетiлген республикалық бюджетті және республикалық бюджеттің кассалық атқарылуын көрсетедi.
4. Өткен қаржы жылы бойынша Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есепке:
түсiндiрме жазба;
республикалық бюджеттік бағдарламалардың iске асырылуы туралы есеп қоса тiркеледi.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын ағымдағы жылғы 1 мамырдан кешiктiрмей өткен қаржы жылы бойынша республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есептi Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiне, қосымшаларымен бiрге Қазақстан Республикасының Парламентiне табыс етедi.
124-бап. Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есептi Қазақстан Республикасының Парламентiнде қарау және бекіту
1. Қазақстан Республикасының Парламенті Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есебiн алғаннан кейiн бiр ай iшiнде ретiмен - әуелi Мәжілісте, содан соң Сенатта Қазақстан Республикасы Үкіметінiң өткен қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есебiн қарайды.
2. Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептi қараған кезде Қазақстан Республикасының Парламентi:
Қазақстан Республикасының Үкіметінiң республикалық бюджетті атқару жөнiнде уәкiлеттiк берген тұлғаларының (тұлғасының) баяндамасын;
Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетi төрағасының республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау нәтижелерi туралы баяндамасын;
Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Палаталары уәкiлеттiк берген тұлғаларының республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есеп бойынша қорытындылайтын баяндамаларын тыңдайды.
Қазақстан Республикасының Парламентiнде республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептi қараған кезде республикалық бюджеттік бағдарламалар әкiмшілерiнiң республикалық бюджеттік бағдарламалардың iске асырылуы туралы есептepi тыңдалуы мүмкiн.
3. Өткен қаржы жылы бойынша республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есеп Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжілісi мен Сенатында дәйектiлiкпен қаралғаннан кейiн Қазақстан Республикасының Парламентi Палаталарының бiрлескен отырысында бекітіледi.
4. Қазақстан Республикасының Парламентi өткен қаржы жылы бойынша республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есептi бекiткен кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінiң, орталық мемлекеттік органдардың республикалық бюджеттiң атқарылу нәтижелерi бойынша тиiстi шаралар қабылдауы қажеттiгi туралы шешiм шығаруға құқылы.
24-тарау. Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана
бюджетінің атқарылуы туралы есеп беру
125-бап. Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы есептi табыс ету
1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттi атқару жөніндегі жергiлiктi уәкiлеттi органы ай сайын есептi айдан кейiнгi айдың 1-күнгi жағдайы бойынша облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы есептi, сондай-ақ осы Кодекстiң 121-бабының 3) тармақшасымен көзделген басқа да есептердi әкiмдiкке, ақпарат түрiнде мәслихаттың тексеру комиссиясына және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органына және iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi органға табыс етедi.
2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі жергілiктi уәкiлеттi органы есептi жылдан кейiнгi жылғы 1 сәуірден кешiктiрмей өткен қаржы жылына арналған облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есептi әкiмдiкке, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органына және iшкi бақылау жөнiндегі орталық уәкiлеттi органға табыс етедi.
3. Жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есеп бекітілген, нақтыланған, түзетiлген жергілiктi бюджетті және жергiлiктi бюджеттiң кассалық атқарылуын көрсетедi.
4. Өткен қаржы жылы бойынша облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есепке:
түсiндiрме жазба;
жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың iске асырылуы туралы талдамалық есеп қоса тiркеледi.
5. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкiмшiлiгi жыл сайын есептi жылдан кейiнгi жылғы 1 мамырдан кешiктiрмей өткен қаржы жылына арналған облыстық, бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есептi қосымшаларымен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихатына табыс етедi.